
«Мемлекеттік аудит» кафедрасы ғылымның, білімнің және тәжірибенің үштұғырлығын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жоғары органы – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің ұсынысына сәйкес 2018 жылдың қыркүйек айында құрылды (Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының 05.09.2018ж №1168 бұйрығы).
Кафедраның миссиясы - үздіксіз білім беру тұжырымдамасын іске асыра отырып және білім беру қызметіне инновациялық тәсілдерді енгізе отырып, қазіргі жағдайда тиімді әрекет етуге қабілетті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында құзыретті кадрларды даярлау, Қазақстанның еңбек нарығын бәсекеге қабілетті кадрлармен қамтамасыз ету.
Кафедраның құрылуына экономика факультетінің деканы э.ғ.д. профессор Мақыш Серік Биханұлы, «Есеп, аудит және талдау» кафедрасының меңгерушісі э.ғ.к., доцент Алибекова Балшекер Ашыкбаевна және э.ғ.к., доцент Нурхалиева Дульпариз Мусакуловна үлкен үлестерін қосты. Аталған кісілердің арқасында 2016 жылы барлық құжаттар әзірленіп, республикада бірінші болып Мемлекеттік аудит мамандығы бойынша білім берудің үш деңгейінде (бакалавриат, магистратура, докторантура) кадрлар дайындауға лицензия алынды. Мамандықты ашуға қажетті құжаттарды әзірлеу бойынша жұмыс тобының құрамында э.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент) Бейсенова Ляззат Зияденовна, э.ғ.к., доцент Нурхалиева Дульпариз Мусакуловна, э.ғ.к., доцент Тажикенова Сапия Каргабаевна, PhD Жуматаева Бакытжамал Ашимовна, аға оқытушы Бекбулатова Асылгуль Танирбергеновна, оқытушы Серикова Мадина Амангалиевна және басқалар белсенді қызмет атқарды.
Қазіргі кезде «Мемлекеттік аудит» мамандығы бойынша білім алушылардың саны төмендегідей болып табылады:
- бакалавриат – 96 білім алушы, оның ішінде мемлекеттік грант бойынша 42 (43,8%);
- магистратура – 30 білім алушы, оның ішінде мемлекеттік грант бойынша 29 (96,6%);
- докторантура – 10 докторант, барлығы мемлекеттік грант бойынша.
Оқу процесін кафедраның 8 оқытушысы қамтамасыз етеді: 1 э.ғ.д., профессор, 3 э.ғ.к., доцент, 1 PhD доктор, 3 магистр.
«Мемлекеттік аудит» кафедрасы көптеген бәсекелік артықшылыққа ие. Біріншіден, кафедра базасында «Мемлекеттік аудит» мамандығы бойынша республикалық оқу-әдістемелік кеңестің оқу-әдістемелік бірлестігі (ҚР БҒМ РОӘК ОӘБ) жұмыс жасайды.
ОӘБ құрамына (25%) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жоғары органы – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ішкі мемлекеттік аудит комитетінің, жетекші ғылыми-зерттеу орталығы – Есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК, сонымен қатар (75%) Қазақстан Республикасындағы жетекші жоғары оқу орындарындағы академиялық қауымдастықтың өкілдері кіреді. Өзіне жүктелген міндеттерді атқара отырып ОӘБ мамандықтың сапалы нормативтік-құқықтық базасын қамтамасыз етеді. Кадрларды дайындаудың барлық үш деңгейі бойынша типтік оқу жоспарлары, типтік оқу бағдарламалары әзірленген және бекітілген (ОӘБ құжаттары).
«Мемлекеттік аудит» кафедрасының екінші бәсекелік артықшылығы –Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК-да жұмыс жасайтын кафедра филиалының базасында мемлекеттік аудиторларды дайындаудың қосарлы жүйесі. Филиалда белгілі ғалым-практиктер сабақ береді: Годунова Н.Н. - Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы, э.к.ғ. профессор; Зейнельгабдин А.Б. - «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК директорының орынбасары, д.э.н., профессор; Ускенбаева А.Р. - «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК директорының орынбасары, э.к.ғ., PhD; Карыбаев А.А. - «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК-нің қолданбалы ғылыми зерттеулер бөлімінің меңгерушісі э.к.ғ., доцент; Жамкеева М.К. - «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу жөніндегі орталық» РМК қолданбалы ғылыми зерттеулер бөлімінің ғылыми кеңесшісі, PhD, доцент.
Филиал оқытушылары белсенді түрде білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады, магистранттар мен докторанттардың ғылыми жұмыстарына жетекшелікті жүзеге асырады, бұл өз кезегінде қазіргі таңдағы ғылымның даму деңгейі мен тәжірибенің сұраныстарына деген қажеттілікті қамтамасыз етеді. Филиал қызметкерлерінің ықпал етуімен 30-дан аса мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарын қамтитын кәсіби практикадан өту базасы құрылды. 2016 жылы республикадағы бірінші «Государственный аудит» оқулығы шығарылды. 2018 жылы «Мемлекеттік аудит» және «Государственный финансовый контроль» оқулықтары жарық көрді.
Кафедраның үшінші бәсекелік артықшылығы – жұмыс берушiлердiң тапсырысы бойынша «Мемлекеттiк аудит» мамандығының шеңберiнде бакалаврлар, магистрлер мен докторанттарды даярлауды жүзеге асыру (жергiлiктi атқарушы органдардың қаржыландыру есебiнен). Сонымен қатар 2022 жылдан бастап «7M04135 – Аудит және консалтин» ЕМВА БББ жүзеге асырылуда.
Кафедраның төртінші бәсекелік артықшылығы – білім беруді интернационалдандыру бағытындағы белсенді жұмыс болып табылады. 7М04121 «Мемлекеттік аудит» мамандығы бойынша магистратура деңгейінде білім беру ағылшын тілінде жүргізіледі. Магистранттарды қосдипломды білім беру бойынша дайындаудың потенциалды мүмкіндігі бар.
Бәсекелік артықшылықтарды тиімді түрде жүзеге асыру еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандарды дайындаудың жоғары сапасын қамтамасыз етеді. 2022 жылы бакалавриат түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 14 (20,9%) құрайды, оның ішінде 3 (4,4%) – Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінде, 3 (4,4%) – орталық мемлекеттік органдарда, 12 (17,9%) – 7М04121-Мемлекеттік аудит мамандығы бойынша магистратураға түсті.
