
Халықаралық ынтымақтастық
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Халықаралық ынтымақтастық кафедра қызметінің маңызды бағыты болып табылады және оның жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші ретінде қарастырылады. Ол алдыңғы қатарлы үрдістерді енгізуге, ғылыми коммуникацияны кеңейтуге және білім беру үдерісінің сапасын әлемнің жетекші университеттері стандарттарына сәйкес арттыруға ықпал етеді. Интернационализация стратегиясы шетелдік профессорларды тарту, бірлескен ғылыми зерттеулер мен әдістемелік жобаларды дамыту арқылы жүзеге асырылады.
«Экономика және кәсіпкерлік» кафедрасы білім беру бағдарламаларын іске асыру және академиялық ұтқырлық аясында танымал шетелдік ғалымдарды дәрістер, семинарлар өткізуге және бірлескен жобаларға қатысуға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Мамандарды іріктеу Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Шетелдік мамандарды тарту және шақыру шығындарын өтету тәртібі туралы» Ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Соңғы жылдары кафедраға оқу және консультациялық сапарлармен келіп кеткендер:
- э.ғ.к., доцент Г.Д. Холматжонова — Ферғана мемлекеттік университетінің «Әлемдік және өңірлік экономика» кафедрасының меңгерушісі (2023 ж., Ферғана қ.);
- э.ғ.к., доцент Б.А. Холматов (2023 ж., Ферғана қ.);
- О.Н. Шкутько — Беларусь мемлекеттік экономикалық университетінің халықаралық экономикалық қатынастар факультетінің деканы (2023 ж., Минск қ.);
- Е.Н. Петрушкевич — БГЭУ «Халықаралық экономикалық қатынастар» кафедрасының доценті (2023 ж., Минск қ.);
- PhD докторы, доцент С.С. Давлатов — Бұхара мемлекеттік университетінің «Жасыл экономика және агробизнес» кафедрасының меңгерушісі (2023 ж., Бұхара қ.);
- профессор Алмаз Толымбек (Оттава университеті, Канада) — 2024 ж.;
- профессор Кармен Адина (Альба-Юлия университеті, Румыния);
- доцент Канан Хасанов (Әзербайжан архитектура-құрылыс университеті) және т.б.
Қазіргі уақытта кафедрада Малайзияның MARA технологиялық университетінен шақырылған профессор Абдул Рахим жұмыс жасауда. Ол 2025–2026 оқу жылының күзгі семестрінде екі пән бойынша дәріс береді.
Кафедра шетелдік серіктестермен ғылыми ынтымақтастықты белсенді дамытуда: бірлескен семинарлар, дөңгелек үстелдер тұрақты өткізіледі, халықаралық жобалар аясында зерттеулер іске асырылуда. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы мен докторанттары жақын және алыс шетелдерде өтетін халықаралық конференцияларға қатысуда.
Маңызды бағыттардың бірі — шетелдік студенттерді тарту. Халықаралық келісімдер, ТМД Мемлекетаралық университеттері (СУ СНГ), ШЫҰ университеттері желісі және университетаралық шарттар аясында кафедрада Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Ауғанстан және Ресей азаматтары оқыды және оқуын жалғастыруда. 2025–2026 оқу жылында оларға Өзбекстан, Әзербайжан және Түрікменстан студенттері қосылды.
Кафедра Қытай Халық Республикасының Нанкай университетімен бірлескен магистрлік бағдарламаны іске асыруда. 2025–2026 оқу жылында осы бағдарлама бойынша 7М04102 – «Экономика» және 7М04134 – «Халықаралық бизнес және стратегиялық сауда бақылауы» мамандықтарына 180 қытайлық білім алушы қабылданды.
