
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де «Қазақстан – Қытай: Цифрлық экономика және “Бір белдеу, бір жол” – 2026» атты І Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

2026 жылғы 23 мамырда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Экономика және кәсіпкерлік» кафедрасы Қытай Халық Республикасының Нанькай университетімен бірлесіп «Қазақстан – Қытай: Цифрлық экономика және “Бір белдеу, бір жол” – 2026» атты І Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Аталған конференция цифрлық экономиканы дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу, білім беру жүйесін жаңғырту және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту мәселелерін талқылауға арналған маңызды халықаралық алаңға айналды.
Конференция жұмысына Қазақстан мен Қытайдың жетекші ғалымдары мен сарапшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, академиялық қауымдастық мүшелері және жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Құрметті қатысушылар мен спикерлер қатарында Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілі Жолдыбаев Ерлан Сатыбалдиевич, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Лапидус Лариса Владимировна, Нанькай университетінің профессоры Сунь Цзинъюй, сондай-ақ Astana International University профессоры Смағұлова Зубираш Қалыбекқызы болды.
Конференция жұмысына қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары, жас зерттеушілер, магистранттар мен докторанттар белсенді қатысты. Пленарлық және секциялық отырыстар барысында цифрлық экономиканың даму үрдістері, жасанды интеллект технологияларын енгізу перспективалары, еңбек нарығының трансформациясы, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту тетіктері жан-жақты талқыланды.
Конференция қатысушылары «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелеріне, сондай-ақ бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын кеңейтуге ерекше назар аударды.
Конференцияның маңызды нәтижелерінің бірі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында «ЕҰУ–Нанькай халықаралық бірлескен зерттеу орталығының» құрылуы болды. Аталған орталықтың қызметі екі университет арасындағы ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, «Экономика және кәсіпкерлік» кафедрасының Нанькай университетімен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу қызметін жандандыруға бағытталатын болады.
Конференцияның өткізілуі Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытудағы жоғары әлеуетін және цифрлық экономика мен инновациялар саласындағы халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған ұстанымын тағы бір мәрте айқындады.
